Орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының промоутері болып табылатын Top Rank компаниясы ESPN арнасымен келісімшарт аясындағы соңғы бокс кешін 26 шілдеде өткізеді, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Бұл кештің басты жекпе-жегі Ксандер Заяс пен Хорхе Гарсия арасында өтеді. Алайда, бұдан кейін Top Rank промоушны тамыз айында ешқандай шоу өткізбейтінін мәлімдеді.
Компания басшысы Боб Арум жаңа телеарнамен келіссөздерді созып жіберген. Қазіргі ұсыныстар Top Rank-ты қанағаттандырмай отырған көрінеді. Осыған байланысты, ESPN-нен кеткеннен кейін олардың бокс кештері қай платформадан көрсетілетіні әлі белгісіз. Яғни, үзіліс тек тамызбен шектелмей, одан да ұзаққа созылуы мүмкін.
Айта кетейік, Top Rank промоутерлік ұйымы қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлының мүддесін қорғайды. Боксшының келесі жекпе-жегіне қатысты ресми мәлімет әзірге жарияланған жоқ.