Қазақстандық ММА спортшысы Дамир Исмагулов сұхбатында елімізде UFC турнирін өткізу ықтималдығына баға берді, деп хабарлайды Sport-24.kz.
— Мен UFC-де жүрген кезімде Астанада турнир өткізу туралы әңгіме болған. Пресс-конференция да өтті, менің жекпе-жекке шығуым керек еді, тағы басқа спортшылармен келісімшарттар жоспарланған болатын. Турнир Қазақстанда өтеді деген үміт бар еді. Бірақ белгілі бір жағдайлар (COVID) оған мүмкіндік бермеді. Қазір UFC Әзірбайжанда турнир өткізеді. Егер олар сонда өткізе алса, бізде де өткізуге мүмкіндік бар деп ойлаймын.
Данияр Қаскарауовты мысалға алсақ, ол қалай істегенін білмеймін, бірақ ММА аңызы Федор Емельяненконы, UFC чемпиондары Сехудо мен Барраоны елге шақырды. Егер осы бағытта мақсат қойып, жүйелі түрде жұмыс істесе, турнир өткізуге толық мүмкіндік бар деп санаймын. Біздің спортшыларымыз қазір UFC-де көп, оларға да қызық болар еді. Қазір бізге жақын жерде көптеген турнирлер өтіп жатыр — Абу-Даби, Баку, Шанхай. Сондықтан үлкен ниет болса, бізде де турнир өткізуге әбден болады, — деді Дамир.