20/06/25

Елена Рыбакина Лондон турнирінде тарихи жетістікке қол жеткізді

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (WTA рейтингінде №11) Лондонда өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирде ерекше статистикалық нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Турнирдің екінші айналымында Рыбакина жергілікті теннисші Хитер Уотсонды (№164) 6:4, 6:2 есебімен сенімді түрде жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.

The Tennis Letter ресурсының мәліметінше, Елена маусымдағы эйс саны бойынша көш бастады — оның еншісінде 200 тура соққы бар. Бұл көрсеткішпен ол WTA турындағы барлық теннисшілерді артта қалдырды. Жойқын әрі дәл соққы — Рыбакинаның басты қаруларының бірі, және ол әйелдер теннисіндегі ең қауіпті шабуылдардың қатарында деп саналады.

Келесі кездесуде Елена неміс теннисшісі Татьяна Мариямен (№86) кортқа шығады. Ол Чехия өкілі Каролина Мухованы (№14) ауыр үш сетке созылған матчта 6:7 (3:7), 7:5, 6:1 есебімен жеңіп шыққан.

Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры — 1,415 миллион доллар (720,8 миллион теңге).