АҚШ-тың Атланта қаласында өткен UFC on ESPN 69 турнирінде басты жекпе-жек нағыз сенсациямен аяқталды. Жартылай орта салмақта (77 кг) өткен кездесуде нигериялық Камару Усман мен америкалық Хоакин Бакли күш сынасты, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Бес раундқа жоспарланған жекпе-жек толық қашықтыққа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Камару Усман жеңіске жетті. Айта кетейік, кездесудің фавориті Бакли саналған еді. Бұл Усман үшін ММА-дегі 21-ші жеңіс болса, Бакли мансабындағы 7-ші жеңілісіне тап болды.
Аталған салмақ дәрежесінде еліміздің мақтанышы, жеңіліп көрмеген Шавкат Рахмонов та өнер көрсетеді. Қазіргі таңда «Номад» UFC рейтингінде үшінші орында. Ал Камару Усман бұл жекпе-жекке дейін бесінші, ал Бакли жетінші сатыда тұрған.
Бұл жеңістен кейін Усманның рейтингі өзгеруі мүмкін және болашақта Рахмоновпен тартысты жекпе-жек өтуі ықтимал.