20/06/25

Сұлтан Заурбек жарақат алып, жанкүйерлерін алаңдатты

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Заурбек (20-0, 13 КО) жаттығу барысында жарақат алды, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Бұл туралы «Қазақ патшасы» өзінің инстаграм парақшасында мәлімдеді:

«Спортшының өмірі тек жеңістер мен медальдардан тұрмайды. Бұл – күнделікті еңбек, шексіз төзім, сынақтар мен қиын сәттерге толы жол. Жаңа ғана жаттығу кезінде жарақат алдым. Аяғыма гипс салынды. Бұл оңай емес. Бірақ мен үшін бұл – аяқталу емес, жаңа беттің басталуы. Әр жарақат – бұрынғыдан да мықты оралуға мүмкіндік. Мен міндетті түрде қайта ораламын. Бұрынғыдан да күштірек!» – деп жазды ол.

Айта кетейік, Сұлтан соңғы жекпе-жегін биыл 5 сәуірде Астанада өткізген болатын. Әлімханұлы – Нгамиссенге кездесуінің қосалқы басты жекпе-жегінде ол IBF Inter-Continental белбеуі үшін өткен шайқаста Оңтүстік Африка өкілі Азинга Фузилені (18-3, 12 КО) төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңген.