Атыраулық «Бейбарыс» хоккей клубының ойыншысы Олег Гофманның қайғылы қазасына байланысты жаңа деректер белгілі болды. Бұл туралы марқұмның агенті Сергей Паремузов «Матч ТВ» арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Агенттің айтуынша, 23 жастағы қорғаушы Мәскеуде 6-қабаттан құлап кеткен. Оқиға 2024 жылдың 18 мамыры таңертең болған. Паремузовтың мәліметінше, Гофман сол сәтте жалғыз болған, және қазіргі таңда Ресейде тергеу жұмыстары жүргізілуде.
— Барлық мәлімет менде жоқ. Бірақ әзірге белгілісі — бұл зорлық-зомбылықсыз қайғылы жағдай секілді. Олегтің әкесі маған хабарласып, тергеу жүріп жатқанын айтты. Иә, ол ортақ балконнан құлаған, — деді агент.
Олег Гофман — Мәскеудің «Динамо» клубының түлегі, 2021 жылы Жастар хоккей лигасының (МХЛ) Харламов кубогын жеңіп алған. Сонымен қатар, ол Ресейдің Жоғарғы хоккей лигасында «Сокол» (Красноярск), «Динамо МО» және АКМ (Тула) сапында өнер көрсетті.
Қазақстан чемпионатында Гофман соңғы екі маусымда «Бейбарыс» құрамында ойнаған. Бұған дейін «Сарыарқа» сапында да ел намысын қорғаған.
Марқұммен қоштасу рәсімі 20 мамыр күні сағат 13:00-де Мәскеу облысындағы Колычев зиратында өтеді.
Жас таланттың мезгілсіз қазасы қазақ хоккейі үшін орны толмас қасірет. Иманы жолдас болсын.