Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан құрамасының мүшесі Нұрбек Оралбай кәсіби боксқа ауысу жоспары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport-24.kz.
— Менің ең үлкен арманым — Олимпиада чемпионы атану. Осы мақсатқа жеткен соң, кәсіпқой бокста да биік белестерді бағындырып, Геннадий Головкин секілді чемпиондық белбеулерді жеңіп алғым келеді, — деді Оралбай.
Сонымен қатар, спортшы жақын арада өтетін жарыстарға да тоқталды:
— Алдымызда Астанада өтетін Әлем кубогы бар. Алла қаласа, бар күшімізді салып, бұл турнирде де ел туын көкке көтеруге тырысамыз, — деді боксшы.
Айта кетейік, Нұрбек Оралбай 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленсе, 2022 жылы Иорданияның Амман қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған.