Бокс әлемінде үлкен жетістіктерге жеткен өзбекстандық спортшы Хасанбой Дусматов WBC (Дүниежүзілік бокс кеңесі) жаңартылған рейтингінде өз позициясынан айырылды. Бұл туралы Sport-24.kz хабарлайды.
Бұған дейін бірінші жеңіл салмақта (light flyweight) WBC рейтингінде 7-орында тұрған Дусматов жаңартылған тізімде топ-15-тен тыс қалды. Бұл шешімге себеп ретінде оның кәсіби рингтегі белсенділігінің төмендігі аталып отыр. Соңғы жекпе-жегін Хасанбой 2023 жылдың қарашасында өткізіп, оңтүстікафрикалық Сифамандлу Балениді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген болатын.
Айта кетейік, Дусматов – әуесқой бокста аса танымал есім. Ол Рио-де-Жанейро (2016) және Парижде (2024) өткен Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері. Сондай-ақ 2023 жылғы әлем чемпионы, 2017 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері және Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы (2015, 2017, 2022) атанған.