20/06/25

Лука Модрич “Реал” ойыншыларын жанжалдан ажыратуға мәжбүр болды

Мадридтік «Реал» клубтық әлем чемпионатын күтпеген нәтижемен бастады. Сауд Арабиясының «Аль-Хилялімен» болған алғашқы матчта есеп 1:1 болып аяқталды, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Қарсылас команда тең есепті даулы пенальтиден кейін орнатты. Ойын эпизодында қорғаушы Рауль Асенсио айып алаңында қарсыласын жұлқылаған. Бұл сәтте нақты қауіп болмағанына қарамастан, төреші пенальти белгіледі. Ойыннан кейін қақпашы Тибо Куртуа әріптесін сынға алып, бұл тәртіп бұзушылықты «өте ақымақтық» деп атады. Асенсио бұл пікірге ашулы жауап қайтарды.

Don Balon мәліметінше, дау киім ауыстыратын бөлмеде жалғасын тапқан. Команда капитаны Лука Модрич қақтығыстың өршуіне жол бермей, ойыншыларды ажыратуға мәжбүр болды. Ол жағдайды сабырға шақырып, ешкімге тікелей кінә артпады. Асенсио болса Куртуаға: «Егер бұл қателік соншалықты фаталды болса, сен неге пенальтиді қайтармадың?» — деп жауап берген.

Асенсио команда ішіндегі қолдаудан айырылып жатыр

Басылымның дерегінше, кейбір ойыншылар Асенсионың деңгейіне күмәнмен қарап отыр. Олардың айтуынша, қорғаушы алаңда жүргенде команда бір ойыншымен кем ойнап жатқандай сезім тудырады. Бірнеше футболшы бұл жайлы клуб басшылығына да жеткізген.

H тобының жағдайы (1-турдан кейін):

  1. «Зальцбург» – 3 ұпай
  2. «Реал» – 1
  3. «Аль-Хиляль» – 1
  4. «Пачука» – 0

Келесі ойындар:

– 22 маусым: «Реал» – «Пачука»

– 23 маусым: «Зальцбург» – «Аль-Хиляль»