20/06/25

Бахтиер Зайнутдиновтың жағдайына қатысты Түркиядан жағымсыз хабар жетті

Қазақстан ұлттық құрамасының және түріктің «Бешікташ» клубының ойыншысы Бахтиер Зайнутдиновтың денсаулығына қатысты алаңдатарлық мәлімет жарияланды, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Түркиялық журналист Серкан Дикменнің айтуынша, Зайнутдинов қазіргі таңда кәсіби деңгейде емес, тек денсаулығын сақтау мақсатында жаттығу жасап жүр.

— Қазіргі жағдайына қарап, Бахтиер спортпен тек денсаулығын сақтау үшін айналысып жүр деуге болады. Ол жарақат алған. Соңғы кездері тараған трансферлік сыбыстар шындыққа жанаспайды. Егер ол алдағы екі аптада жаттығуды тоқтатып, сосын қайта бастаса, жарақаттың қайталану қаупі өте жоғары. Бұл созылмалы сипат алуы мүмкін, — дейді журналист.

Сонымен қатар, Зайнутдинов 4-5 ай бұрын ахилл сіңіріне жасатқан операциядан кейін оң нәтижеге жете алмаған. Қазір футболшыны емдеу үшін клуб дәрігерлерімен қатар шетелдік мамандар да түрлі шешім іздеуде.

Айта кетейік, жарақатына байланысты Зайнутдиновтің мансабы мен болашағына қатысты нақты шешімдер алдағы уақытта анықталмақ.