21/06/25

Өзбекстанда Дастан Сатпаевтың табысына назар аударылды

Қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаевтың кезекті жетістігі Өзбекстан спорт басылымдарының назарынан тыс қалған жоқ, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Upl.uz сайты Transfermarkt порталының жаңартылған мәліметтеріне сүйене отырып, 2025 жылғы 19 маусымдағы жағдай бойынша Орталық Азия чемпионаттарында ойнайтын ең қымбат футболшылардың тізімінде айтарлықтай өзгерістер болғанын жазды. Жаңа көшбасшы – алматылық «Қайрат» пен Қазақстан жастар құрамасының 16 жастағы шабуылшысы Дастан Сатпаев.

Сатпаевтың трансферлік құны 1,3 миллион еуроға өсіп, қазіргі таңда 1,8 миллион еуроны құрап отыр. Бұл көрсеткіш оған өзбекстандық екі ойыншыны – «Насаф» сапындағы Акмал Мозговой мен Абдувохид Нематовты басып озуға мүмкіндік берді. Айта кетейік, олардың әрқайсысының нарықтағы құны – 1,5 миллион еуро.

Басылым атап өткендей, Сатпаев 18 жасқа толған соң Англияның «Челси» клубының қатарына қосылуы тиіс.