UFC сарапшысы әрі комментаторы Арман Абдрахманов Бакуде өткен турнирдегі Азат Максум мен Тагир Уланбеков арасындағы жекпе-жек нәтижесіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport-24.kz.
– Бұл жекпе-жектің төрешілер шешімін түсіне алмай отырмын. Екі төреші 30-27 ұпайын берді. Мен 29-28 дегенмен келісуге болады деп ойлаймын, үшінші раундты төреші Азатқа берген болар, қалған екі раунд Тагирге. Бірақ бірінші және екінші раундтар өте тартысты өтті. Жекпе-жек өте жақын болды. Біреу соңына қарай сәл артық басымдық алған болуы мүмкін. Бірақ 30-27 деген – бұл барып тұрған масқара, маразм. Бұл шешімді мүлде түсіне алмаймын. Екі төреші осындай шешім қабылдады. Бұл жерде ең дұрысы – бөлінген шешім, ол екі жаққа да берілуі мүмкін еді. Мұндай есеп – төрешілердің кәсіби біліктілігіне үлкен күмән туғызады. Олар психологиялық немесе кәсіби тексерістен өтуі керек, – деді Абдрахманов.
Айта кетейік, UFC on ABC 8 турнирі аясындағы бұл кездесу үш раундқа созылып, ресейлік Тагир Уланбековтің төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімі жеңісімен аяқталған болатын. Жекпе-жек жеңіл салмақта өтті.