22/06/25

“Реал” Мадрид Рюдигермен қош айтыспақ: Перес пен Алонсо бір шешімге келді

Мадридтік “Реал” клубының басшылығы неміс қорғаушысы Антонио Рюдигермен қош айтысуға түпкілікті шешім қабылдады, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Don Balon дерегінше, клуб президенті Флорентино Перес футболшының тәртібі мен командалық құндылықтарға сай келмейтін әрекеттерінен кейін оның командадан кетуін бекіткен. Ойын алаңында кей сәттерде жақсы ойнағанымен, Рюдигердің алаңнан тыс тәртібі жиі сынға ұшырады.

Кейбір ақпарат көздері оның жаттығу кезінде тәртіп бұзып, әріптестерімен жанжалға барғанын, сондай-ақ, қоғамдық ортадағы оғаш қылықтары мен мәлімдемелері клуб беделіне нұқсан келтіргенін хабарлады.

Команданың жаңа бас бапкері Хаби Алонсо да клуб басшылығымен бір көзқараста. Ол құрамда тәртіп пен ынтымақты жоғары бағалап, тәртібімен ерекшеленетін жаңа ұжымды қалыптастырғысы келеді. Осы себепті Рюдигер бас жаттықтырушының жоспарларына енбейді.

Қазір “Реал” оның орнына жас әрі болашағы зор орталық қорғаушыларды қарастырып жатыр. Үміткерлер қатарында Лени Йоро мен Гонсалу Инасиу бар. Рюдигердің кетуі құрамда орын босатып, жалақы қорын да жеңілдетеді.

2022 жылы “Челсиден” келген Рюдигер “Реалды” нығайту үшін алынған болатын. Алайда екі маусым ішінде ол команданың тұрақсыздығына себепкер ойыншылардың біріне айналды. Перес бұл жағдайға нүкте қойып: “Ешкім клубтан жоғары емес”, — деген нақты ұстанымын білдірді.

Рюдигер Мадридтен кетуге дайындық жүргізіп жатыр.