Мадридтік «Реал» Германия чемпионатының басты жұлдыздарының бірі – «Байер» клубының 22 жастағы жартылай қорғаушысы Флориан Вирцты өз сапына қосуға ниетті, деп жазады Sport-24.kz.
Sky Sport Germany журналисі Флориан Плеттенбергтің мәліметінше, леверкузендік команда ойыншы үшін кемі 150 миллион еуро талап етпек. Ал 100 миллион еуроға түскен ұсыныстар бірден кері қайтарылады.
Флориан Вирц биылғы маусымда барлық турнирлерде 44 ойын өткізіп, 16 гол соғып, 15 нәтижелі пас беріп үлгерді.
Алайда «Реалдың» бұл трансферге нақты кірісуі Родригоның сатылуына байланысты. Бразилиялық вингердің кетуі жайлы қауесеттер бұған дейін бірнеше рет тараған.
Айта кетейік, жақында мадридтіктер «Байер» бас бапкері Хаби Алонсоны ресми түрде өз командасына шақырғанын хабарлаған еді.