21/05/25

Казақстандық боксшы Азия чемпионатының финалына нокаутпен шықты

Шри-Ланканың Коломбо қаласында өтіп жатқан 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының тағы төрт боксшысы финалға жолдама алды, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Жартылай финалдың басты жұлдыздарының бірі — Аман Қонысбеков. Өзбекстанда туған спортшы 2024 жылы Қазақстан азаматтығын қабылдаған болатын. 75 келіге дейінгі салмақта ол вьетнамдық Пхам Данг Луумен кездесіп, алғашқы раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Енді Қонысбеков Азия чемпионатының алтыны үшін айқасады.

Сондай-ақ жартылай финалдың екінші блогында Қазақстан сапынан тағы үш боксшы жеңіске жетті:

• 63,5 кг: Сералы Жолмағанбет — Муса Альхаусау (Сауд Арабиясы) — 4:1 есебімен жеңіс;

• 67 кг: Бахтияр Анарбаев — Эсмаил Алькассими (Сауд Арабиясы) — 5:0 есебімен жеңіс;

• 71 кг: Ағажан Қадыр — Абдурахман Альмутаири (Кувейт) — 5:0 есебімен жеңіс.

Айта кетейік, бүгін күндізгі сессияда тағы төрт қазақстандық боксшы Азия чемпионатының финалына шыққан болатын.