Octagon лигасының негізін қалаушы Нұраддин Садықов kana beisekeyev YouTube арнасына берген сұхбатында Хабиб Нурмагомедовтың командасына бағытталған сындар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Садықовтың айтуынша, бұл хейт толығымен негізсіз емес, бірақ көбіне фанаттардың эмоциясынан туындаған.
– Меніңше, бұл хейт сәл артық болды. Хабибтің жігіттері тіпті барлық пікірлерді жауып тастады. Бірақ бұл – фанаттық көңіл-күйдің әсері. Тағы да қайталаймын: мен Хабибтің командасын әлем жек көреді деп айтпаймын. Жай ғана жанкүйерлер тартысты, әсерлі жекпе-жектерді қалайды. Ал бұл командада стиль басқа — олар қарсыласын жабыстырып, үстемдікке негізделген тәсілді қолданады. Сол себептен біртіндеп жиналып, кейін үлкен реакцияға ұласты. Бұл жарылыс сәл әділетсіз болды, – деді Садықов.
Сондай-ақ ол Тагир Уланбековтың кейін өз сөзіне қайшы келіп, басқа мәлімдеме жасағанын сынға алды:
– Уланбековтың бұрын айтпаған сөзді кейін айтып шыққаны дұрыс болмады. Бұл – ұятты әрекет. Бұл ретте Умар жарады. Ол Бекзаттың мықты екенін мойындады, құлатқанын айтты, көзқарасын өзгертпеді.
Садықовтың сөзінше, жанкүйерлер спортшылардан айқас үстінде тек нәтижені емес, қызықты, тартымды жекпе-жектерді де күтеді. Ал Хабибтің мектебі басқа жолды таңдаған.