14/07/25

Қазақстан 2027 жылғы УЕФА Суперкубогы немесе Конференциялар лигасының финалын қабылдауға ниетті

Қазақстан футбол федерациясының басшысы Марат Омаров «Qazsport» телеарнасына берген сұхбатында еліміздің 2027 жылы УЕФА Суперкубогы немесе Конференциялар лигасының финалын өткізу үшін ресми өтініш бергенін айтты, деп жазады Sport-24.kz KFF.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, УЕФА президенті Александр Чефериннің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінен кейін ел футболына жаңа мүмкіндіктер ашыла бастады.

– Чеферин мырзамен мазмұнды әңгіме өрбіді. Біз 2027 жылы УЕФА Конгресін өткізуге дайын екенімізді жеткіздік. Сонымен бірге Астана немесе Алматы қалаларында Суперкубок немесе Конференциялар лигасының финалын ұйымдастыру жөнінде өтініш жолдадық, – деді Омаров.

Сондай-ақ елімізде қазіргі уақытта футбол инфрақұрылымы дамып, жаңа стадиондар салынып жатқанын және U-21 мен U-19 Еуропа чемпионаттарын өткізу жоспары да бар екенін атап өтті.