Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина чемпиондық жарыстың WTA live-рейтингінде екі сатыға төмен түсіп қалды, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Рыбакина 11-орыннан 13-орынға сырғыды. Бұған италиялық Жасмин Паолинидің Рим турниріндегі сенсациялық жеңісі себеп болды — ол бірден тоғыз сатыға көтерілді. Қазіргі таңда рейтинг көшін беларусь теннисшісі Арина Соболенко бастап тұр. Үздік үштікте сондай-ақ америкалық Кори Гауфф пен ресейлік Мирра Андреева бар.
Ал Еленаның алдағы жоспары бойынша, ол 18–24 мамыр аралығында Францияның Страсбург қаласында өтетін турнирге қатысады. Одан кейін, 25 мамыр мен 8 маусым аралығында өтетін әйгілі «Ролан Гаррос» турнирінде бақ сынайды.