21/05/25

Магомед Адиев Фариньяны алаңға шығару бапкерлік қателік болғанын мойындады

Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері әрі қазіргі таңда ресейлік «Химки» клубының уақытша жаттықтырушысы қызметін атқарып жүрген Магомед Адиев РПЛ-дің 29-турындағы «Рубинге» қарсы ойында Фариньяны алаңға шығарған шешімінің қате болғанын мойындады, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Ойын Химкиде өтіп, алаң иелері 3:2 есебімен жеңіске жетті. Фаринья 61-минутта ойынға қосылып, 75-минутта соңғы үміт фолын жасап, қызыл қағаз алды. Осылайша «Химки» бір ойыншымен қалуға мәжбүр болды.

— Үзілісте ойыншыларға өзара байланысымыз жаман емес екенін, бірақ шабуылдарды нәтижелі аяқтау керектігін айттым. Алайда ойынның кей сәттерінде босаңсу болады. Бапкер ретінде менің міндетім — ондай сәттердің санын азайту. «Рубин» — функционалды түрде жақсы дайындалған, шебер команда, бастаманы жиі өз қолына алып отырды, — деді Адиев.

— Ал Фариньяға қатысты айтар болсам, бұл — менің жаттықтырушы ретіндегі қателігім. Ол ұзақ уақыт қатардан тыс қалды. Команда үшін маңызды ойыншы және жақында ғана жалпы топпен жаттығуға қайта қосылды. Оның формасы жаман емес деген әсер қалдырды. Дакудың ойынын ескеріп, екінші таймда биік бойлы қорғаушы қажет болатынын түсіндім. Сондықтан Фариньяны 20-30 минутқа шығармақ болдым. Бірақ дайындықты асығыстау жүргізіппін. Бұл — менің қателігім.

Сондай-ақ, бапкер матчтағы шешуші сәт жайында да пікір білдірді:

— Матч оқиғаларға толы болды. Бірнеше маңызды сәттер бар. Бірақ негізгі шешуші сәт — жұма күнгі ойын алдындағы жаттығу. Ол — «Химкидегі» ең үздік жаттығу болды деп штабқа айттым. Сол кезде ойыншылар біртұтас команда ретінде көрінді.