21/05/25

Ислам Махачев Шавкат Рахмонов бақ сынайтын салмақта титулдық жекпе-жек құқығынан «айырылды»

Ресейлік промоутер Камил Гаджиев UFC чемпионы Ислам Махачевтің жеңіл салмақты (70 кг) тастап, жартылай орта салмаққа (77 кг) ауысуына қатысты пікір білдірді, деп жазады Sport-24.kz.

Еске салайық, Махачев енді UFC жартылай орта салмақ чемпионы, австралиялық Джек Делла Маддаленаға қарсы титулдық жекпе-жек өткізеді. Бұл салмақта қазақстандық Шавкат Рахмонов рейтингте үшінші орында тұр.

— Мұнда қосарлы стандарт байқалады деп ойлаймын. Егер Топурия 70 келіде чемпиондық белбеу үшін жекпе-жекке лайық емес деп танылса, дәл сол сияқты Ислам да 77 келіде бірден титулдық айқасқа шығуға құқығы жоқ. Бірақ Исламның жанкүйері ретінде бұл оқиға мені қуантты. Екі жылдан бері айтып келемін: Исламға ең дұрыс шешім — 77 келіде титул үшін күресу. Себебі онда мүмкіндік көбірек. Ал 70 келіде жеңіс сериясын соза беру — тоқырауға алып келуі мүмкін. Дегенмен Топурияның да уәждерін жоққа шығара алмаймын, — деді Гаджиев өз YouTube арнасында.

Айта кетейік, Ислам Махачев ММА-де 28 жекпе-жек өткізіп, 27 рет жеңіске жеткен. Қазіргі таңда UFC рейтингінде барлық салмақты қоса есептегенде бірінші орында тұр.