21/05/25

UFC күтпеген шешім қабылдады: «Канело» жекпе-жегін енді басқа компания өткізеді

Екінші орта салмақта (76,2 кг) абсолют чемпион атағы үшін өтетін Сауль «Канело» Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы жекпе-жекке қатысты ұйымдастырушылық өзгеріс болды, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Бастапқыда бұл тарихи кездесудің промоутері UFC президенті Дана Уайт болады деп жоспарланған еді. Алайда Сауд Арабиясының промоутері Турки әл аш-Шейхтің мәлімдеуінше, енді бұл міндетті саудиялық Sela компаниясы атқарады.

— Біз Канело мен Кроуфорд арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыруды Sela компаниясы өз мойнына алатынын растаймыз. Трансляция жасайтын телеарна әзірге белгісіз, бірақ жекпе-жек 13 қыркүйек, сенбі күні өтеді. Жақында толық ақпаратты жариялаймыз, — деп жазды әл аш-Шейх әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, бұл жекпе-жек бокс әлемінде жылдың басты оқиғаларының бірі болмақ.