21/05/25

Қайғылы жағдай: «Бейбарыс» ойыншысы Олег Гофман өмірден озды

Қазақстандық хоккей қоғамдастығы ауыр қайғыға душар болды — 23 жастағы қорғаушы Олег Гофман Мәскеуде 6-қабаттан құлап, көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл — қайғылы оқиға, дегенмен нақты себебі тергеуден кейін анықталмақ.

Олег Гофман Мәскеудің «Динамо» клубының түлегі, МХЛ чемпионы болған. Қазақстан чемпионатында үш маусым ойнап, 89 матчта 6 гол, 13 нәтижелі паспен көзге түскен. 2022/23 жылғы маусымда ол «Сарыарқа» сапында өнер көрсетті. Қайғылы оқиға кезінде Гофман демалыста жүрген.

Атыраулық «Бейбарыс» пен қарағандылық «Сарыарқа» клубтары өздерінің ресми парақшаларында марқұмды жылы лебізбен еске алып, отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Гофманның агенті Сергей Паремузовтың айтуынша, қазіргі таңда Ресейде тергеу жүріп жатыр, оның шын мәнінде жазатайым жағдай болған-болмағаны анықталуда.

— Мен барлық мәліметке ие емеспін. Бірақ әзірге бізге белгілісі — бұл зорлық-зомбылықсыз болған өлім. Олегтің әкесі маған хабарласып, тергеу жүріп жатқанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, Гофман жалғыз болған, — деді агент.

Олег Гофманды 20 мамыр күні жерлейді. Жас қорғаушының жарқын ойыны мен мінезі көптің есінде қалатыны анық. Қазақстан хоккейі үлкен үміт күткен спортшысынан айырылды. Жарық жаны жәннатта болсын.