АҚШ-тың Нью-Ингленд өңірінде орналасқан беделді CES Boxing промоутерлік ұйымы кәсіби рингте әлі жеңілмеген қазақстандық боксшы Евгений Павловпен (10-0, 8 KO) келісімшартқа отырды. Бұл туралы ұйымның ресми парақшасы хабарлады.
Компания президенті әрі негізін қалаушы Джимми Берчфилд Павловты команда қатарына қосылғаны үшін қуанышты екенін білдірді.
«Қазақстан — тәртіп пен қайсарлықты ұштастырған ел. Геннадий Головкин, Жәнібек Әлімханұлы және Сергей Липинец сынды чемпиондар шыққан елдің өкілі Евгений Павлов та сол дәстүрдің жалғасы. Ол — жас, жеңіліс көрмеген, болашағы зор боксшы. Біз оның болашақ әлем чемпионы болатынына сенімдіміз», – деді Берчфилд.
Өз кезегінде Евгений Павлов та CES Boxing-пен эксклюзивті келісімшартқа қол қойғанына риза екенін жеткізді.
«Бұл ұйым спортшылардың белсенді жекпе-жек өткізуіне жағдай жасап, үлкен ареналарда өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Отандасым Николай Швабтың осы компаниямен қалай жұмыс істегенін көріп, өзімнің де дұрыс таңдау жасағаныма көзім жетті», – деді Павлов.
Боксшының CES Boxing құрамындағы алғашқы жекпе-жегі 19 шілде күні Коннектикут штатының Анкасвилл қаласындағы әйгілі Mohegan Sun аренасында өтеді деп жоспарланып отыр.