22/05/25

Азат Максумға тарихи UFC турнирі алдында жақсы жаңалық жетті

Қазақстандық UFC жекпе-жек шебері Азат Максум (15-1) 21 маусымда өтетін UFC Fight Night 259 турнирінде ресейлік Тагир Уланбековпен (16-2) кездеседі. Бұл тарихи жарыс — UFC-дің Әзірбайжандағы алғашқы турнирі, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Окко ММА редакторы және ММА комментаторы Алексей Володин алдағы жекпе-жек туралы пікірін білдірді:

– Бұл Азат Максум үшін тамаша мүмкіндік. Ал Тагир Уланбеков үшін аса қажет емес жекпе-жек. Себебі Тагир дивизион рейтингінде 10-орында, ал Азат әзірге рейтингке енбеген. Егер Максум жеңіске жетсе, топ-15-ке, тіпті топ-10 қатарына кіруі әбден мүмкін, – деді сарапшы.

Айта кетейік, Максум бұл жекпе-жекке жапониялық Кёдзи Хоригутидің орнына шықпақ. Жеңіске жеткен жағдайда қазақстандық спортшының UFC-дегі мансабы жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін.