21/06/25

Қазақстанда 77 миллион теңгелік ауқымды бокс турнирі жарияланды

Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов «Aqyrys Seitqazy» YouTube арнасына берген сұхбатында облыстар арасындағы «ҚБФ Кубогы» атты жаңа турнирді жариялады, деп хабарлайды Sport-24.kz.

— Біз жаңа жобаны бастағалы отырмыз, бірақ шын мәнінде бұл мүлде жаңа жоба емес. Бұрын Қазақстан бокс федерациясының Кубогы болғанын білесіздер. Осы жобаны жүзеге асыруға ҚБФ президенті 150 мың доллар (шамамен 77 млн теңге) бөлді. Турнир қыркүйек-қазан айларында басталады. Жақында әлем чемпионаты өтеді, содан кейін жеребе тартамыз. 20 команданы төрт аймаққа бөліп жарыстырамыз. Өйткені кейбір облыстар тым күшті болып кетті: Түркістан облысы, Қарағанды облысы. Сондықтан командаларды арасы алыс болмауы үшін де топтастырдық: Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстары, — деді Ақшалов.

ҚБФ Кубогы — Қазақстанда бұған дейін өткізілген командалық турнир. Әр жылдары оның жеңімпаздары Астана (2010, 2013), Қарағанды облысы (2011), Маңғыстау облысы (2012, 2016, 2018), Жамбыл облысы (2014) және Оңтүстік Қазақстан облысы (2015, 2017) командалары атанған.