21/06/25

Қазақ каратэ тарихында алғаш рет екі спортшы Grand Winner атанды

Марокко астанасы Рабатта өткен Премьер-лига финалдық турнирі өз мәресіне жетіп, төрт кезеңнің қорытындысы бойынша үздік каратэшілер марапатталды, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Бұл турнирде алғаш рет Қазақстанның екі бірдей спортшысы — Мөлдір Жанбырбай (-50 кг) мен Әсел Қанай (-61 кг) — маусымның ең үздік спортшысы атағы саналатын Grand Winner жүлдесін жеңіп алды.

Мөлдір Жанбырбай үшін бұл — соңғы екі жылдағы екінші Grand Winner атағы. Биыл ол Париждегі алғашқы Премьер-лигада қола, Ханчжоуда күміс, Каирде алтын медаль жеңіп алған болатын.

Әсел Қанай болса, Парижде және Каирде күміс, ал Ханчжоуда қола медаль еншіледі.

Сонымен қатар Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Софья Берульцева да Grand Winner атағына таласқан еді, алайда Рабаттағы турнирде топтан шыға алмай, қажетті ұпай санын жинай алмады.

Бұл жетістік қазақ каратэшілерінің жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүргенін тағы бір мәрте дәлелдеді.