21/06/25

Месси Роналду ойнайтын клубқа ауысуы мүмкін

Аргентиналық шабуылшы Лионель Месси Сауд Арабияның төрт клубының назарына ілікті, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Бұған дейін Сауд Арабияның Қоғамдық инвестициялар қоры Мессимен трансфер жайында келіссөздерді қайта бастағаны белгілі болған еді. Егер аргентиналық жұлдыз расымен де ауысуға дайын болса, оның қай клубқа баратыны — «Аль-Ахли», «Аль-Хиляль», «Аль-Иттихад» немесе «Аль-Наср» — сол кезде ғана шешіледі. Бұл келіссөздердің келесі кезеңінде анықталмақ.

Айта кетейік, «Аль-Наср» сапында португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду өнер көрсетеді.

Месси қазіргі таңда «Интер Майами» клубымен 2025 жылдың желтоқсанына дейін келісімшартқа ие. Ол клуб сапында 2023 жылдан бері ойнап келеді.