21/06/25

«Канело» Альварес бокстан кететінін мәлімдеді

Әлемдегі ең танымал әрі табысты боксшылардың бірі Сауль «Канело» Альварес 37 жасында спорттық мансабын аяқтайтынын хабарлады. Ол қалған мансабында Сауд Арабиясының ұлттық бренді Riyadh Season-ның басшысы әрі The Ring брендінің иесі Турки Аль аш-Шейхпен бірге жұмыс істеуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sport-24.kz.

— Турки Аль аш-Шейх — менің бокстан кетерімде жанымда болатын адам. Денсаулығым жақсы, тағы бірнеше жыл рингте өнер көрсете аламын. Бірақ 37 жасқа келгенде бокстан кетемін. Себебі спорт мені мәжбүрлемей тұрғанда өз еркіммен қоштасқым келеді. Ақша не атақ үшін боксты жалғастырудың қажеті жоқ. 37 жасымда кетемін — және осы уәдемде тұрамын, — деді мексикалық боксшы No Golf No Life гольф турниріне арналған баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетейік, биыл ақпанда Альварес Riyadh Season брендімен төрт жекпе-жекке келісімшартқа отырған болатын. Сол келісім аясындағы алғашқы кездесуінде ол екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атағын қорғап, Уильям Скуллды жеңген еді. Қыркүйек айында Альварес екі салмақта абсолютті әлем чемпионы саналатын Теренс Кроуфордпен жұдырықтасады деп жоспарланған.

Альварестің келесі екі жекпе-жегі 2026 жылы өтуі мүмкін. Ол жыл сайын мамырдың басында және қыркүйектің ортасында рингке шығуды жөн көреді. Себебі бұл кезеңдер Мексиканың ең үлкен мерекелеріне сай келеді.

Айта кетейік, Сауль Альварес 2027 жылдың шілдесінде 37 жасқа толады. Қазіргі таңда ол кәсіпқой рингте 67 кездесу өткізіп, төрт салмақта әлем чемпионы атанды. Ол алғашқы чемпиондық белбеуін 2011 жылы жеңіп алған еді. Осы уақытқа дейін бірінші орта, орта, екінші орта және жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық атақ үшін 26 жекпе-жекке қатысып үлгерді.