20/06/25

Анна Чакветадзе Қазақстанның үздік теннисшісіне таңданысын білдірді

Әлемнің бұрынғы бесінші ракеткасы, қазіргі таңда спорт комментаторы Анна Чакветадзе Қазақстанның үздік теннисшісі Александр Бублик пен Ұлыбританиялық Джек Дрейпер арасындағы «Ролан Гаррос» турнирінің төртінші айналымындағы кездесуден алған әсерімен бөлісті.

— «Саша Бублик керемет ойнады. Көзінде от бар, жеңіске деген құлшынысы ерекше байқалды. Мұндай сәттер сирек болады. Әдетте, Саша әдемі ойнағанымен, нәтиже оған аса маңызды емес сияқты көрінетін. Бірақ Дрейперге қарсы матчта ол бұл мүмкіндікті пайдалануды ұмытпады. Дрейпер де матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Александрға қарсы қалай ойнауды түсінбей қалғанын айтты. Бублик қысқа доптарын өте шебер жасырды, форхэндімен белсенді шабуылдап ойнады, матч бойы керемет доп берді. Ең маңыздысы – Саша өз күшіне сеніп, нәтижеге ойнады», — деді Чакветадзе.

Айта кетейік, матч 5:7, 6:3, 6:2, 6:4 есебімен қазақстандық спортшының пайдасына аяқталды. Енді ширек финалда Александр Бублик Италияның үздік теннисшісі Янник Синнермен кездеседі.