Орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) доминикандық Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 KO) өтетін ықтимал жекпе-жек туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Sport-24.kz.
— Мен Карлоспен жұдырықтасқым келеді — мұны бәрі біледі. Мен өз менеджеріммен сөйлестім, ол келіссөздер жүріп жатқанын айтты. Жанкүйерлер асыға күткен күн алыс емес сияқты. Егер Карлос қорқып, қашып кетпесе, бұл жекпе-жек жуырда өтеді. Әлде қазір өтеді, әлде ешқашан! Бұл жекпе-жек қарсыласымның рингке шығуға батылы жету-жетпеуіне байланысты. Ол белбеудің артында тығылып жүрмесе екен деймін, — деп жазды Әлімханұлы өзінің Х әлеуметтік желісінде.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болып табылады. Ал Карлос Адамес WBC тұжырымының чемпиондық белбеуін иеленіп отыр.