Танымал спорт комментаторы Олжас Байбосынов Қазақстан U-17 құрамасының және алматылық «Қайраттың» жас шабуылшысы Дастан Сатпаев туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Байбосынов Дастанның мінезі мен менталитеті еуропалық ойыншыларға көбірек ұқсайтынын атап өтті:
— Оның мінез-құлқы, менталитеті еуропалықтарға көбірек келеді. Қазақтар сияқты «өзінше» болып, менменсініп жүрген жоқ. Қаласа қазір-ақ соңғы үлгідегі BMW мінуге болады ғой, сондай мүмкіндік бар (бірақ ол ондайға құмар емес), — деді комментатор YouTube-тегі «Бірінші гол» арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Дастан Сатпаев осы аптада Қазақстанның жастар құрамасында алғашқы ойынын өткізді. Енді ол ұлттық құрамаға қосылып, дүйсенбі күні Солтүстік Македонияға қарсы матчқа қатысады.