21/06/25

Нұржан Асан: «Басты мақсатым — қазақ спортын Америкада көрсету, ал америкалық үлгіні Қазақстанға жеткізу»

Әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Нұржан Асан Лос-Анджелесте грек-рим күресінен 26 мамыр мен 7 маусым аралығында шеберлік сабағын өткізді. Қазақстандық спортшыны АҚШ-қа арнайы шақырған. Біз Нұржан мырзамен сұхбаттасып, сапар мақсаты, жаттығу барысы және алдағы жоспарлары туралы әңгімелестік.

– Нұржан, алдымен құттықтаймыз! Лос-Анджелестегі шеберлік сабағыңыз жайлы толығырақ айтып берсеңіз.

– Рақмет. 2024 жылдың қарашасында алғаш жарысқа қатысып, халықаралық рейтингке ендім. Осылайша, көзге түстім. Қаңтарда мені оқу-жаттығу жиынына шақырды – ол жерде олимпиада, әлем және Еуропа чемпиондарымен бірге дайындалдық. Ал биыл мамырда мені арнайы шақыртумен үшінші рет қабылдады. Бұл жолы тікелей ұсыныс жасаған – Армения тумасы, бүгінде АҚШ азаматы Петрос Петросян. Ол мені сырттай біліп, байланысқа шығып, келіссөз жүргіздік. Шақырту негізінде жас спортшыларға арналған екі апталық мастер-класс өткіздім. Аптасына бес күн, таңертең және кешке жаттығу болды. Қатысушылар өте риза болды, кері байланыс өте жылы қабылданды.


– АҚШ тарапынан шақырту алу – екінің біріне бұйырмайтын мәртебе. Бұл ұсынысты қабылдау шешімі оңай болды ма?

Әрине, оңай емес. Бірақ бұл – үлкен сенім және жауапкершілік. Шақырту хат пен келісімшарт мәселелері шешілген соң, жол жүру, тұру, қарсы алу, басқа да ұйымдастыру шығындарын толық өздері мойындарына алды. Мақсат – жас спортшыларға әлемдік деңгейдегі әдіс-тәсілдерді көрсету, тәжірибе бөлісу, ал мен үшін – жаңа білім алу, теорияны меңгеру. Бұл – мен үшін де, елім үшін де құнды тәжірибе.

– Америкалық жас балуандар мен жаттықтырушылардың дайындығына қандай баға берер едіңіз?

Өте жоғары. Америкада спорт дамудың заманауи сатысында тұр. Инфрақұрылым, технология, медицина – бәрі жүйелі. Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда алда. Мұнда палуандардың физикалық дайындығымен қатар, теориялық білімі де толық. Жасөспірімдермен жұмыс істеу мәдениеті де жоғары деңгейде.

– Америкада қалуға ұсыныстар айтылды деген ақпарат бар. Осыған қатысты ойыңыз қандай?

Иә, ондай ұсыныстар болды. Қазір көмекшілеріммен, менеджерлеріммен ақылдасып жатырмыз. Мақсат – Америкадағы спортшылармен жұмыс істеу ғана емес, осы жерде дайындалған залда қазақ жастарын да көру. Болашақта қазақ спортшыларын осында шақырып, бірлесе жаттықтыру – басты армандарымның бірі. Бұл – тек спорттық емес, стратегиялық миссия. Яғни, қазақ спортын Америкада көрсету, ал америкалық үлгіні Қазақстанға жеткізу.

– АҚШ-тағы спорт инфрақұрылымы мен жаттығу жүйесінде сізді таңғалдырған не болды?

Ең бастысы – еркіндік. Мұнда спорт – хобби емес, өмір салтына айналған. Нәтиже көрсетсең, мемлекеттен де, демеушілерден де қолдау бірден келеді. Жасөспірім кезден бастап спортшылар жарыстарда көзге түссе, олардың жағдайы бірден жасалады. Қаржылай да, тұрмыстық жағынан да. Nike, Adidas сияқты ірі брендтер спортшыларды қолдап, әрбір жеңісін ынталандырады.

– Қазақ палуандарының беделі шетелде қаншалықты жоғары деп ойлайсыз?

Қазақ палуаны қай жерде де өзін биік ұстаған. Бірақ әлемдік деңгейде әлі де үздік ондықта тұрақты түрде болу үшін тәжірибе мен халықаралық байланыс қажет. Бізде мықты спортшылар бар, бірақ оларды қолдау, ынталандыру, әлемдік нарыққа шығару жүйелі жүріп жатқан жоқ. Әлемге шығу үшін ең алдымен – тәуекел керек. Біз көбіне “ақша жоқ”, “тіл білмейміз”, “таныс керек” деген себептермен шектеліп қаламыз. Ал мұхит асып келу деген – ерлік. Мен тәуекел еттім. Ендігі мақсат – осы жолды өзімнен кейінгі інілеріме ашып беру.

Нұржан Асанның бұл сапары – жеке жетістіктен бөлек, ұлт атынан спорттық миссия атқарудың үлгісі. Ол жинаған тәжірибесін ел спортына бағыттап, қазақ күресінің көкжиегін кеңейтуге бел буып отыр.