MLS турниріндегі кезекті матчта «Интер Майами» мен «Сан-Хосе Эртквейкс» командалары 3:3 есебімен тең түсті. Алайда матчтың басты жаңалығы есеп емес, Лионель Мессидің алаңдағы әрекеті болды, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Финалдық ысқырықтан кейін аргентиналық шабуылшы төрешінің шешімімен келіспей, онымен сөзге келіп қалды. Осы әрекеті үшін Месси сары қағаз алды. Ашуға булыққан жұлдызды футболшы екінші ескерту де беруін сұрап, ымдап төрешіге қайта жақындады. Дегенмен қарсылас команданың ойыншылары оны тоқтатып үлгерді.
Оқиғаға «Сан-Хосе» клубының бас бапкері Брюс Арена да араласып, Мессиді алаңнан алып кетті. Кейін баспасөз мәслихатында Арена: «Финалдық ысқырықтан кейін қызыл карточка көрсету – Месси сынды ойыншы үшін артық болар еді», – деп пікір білдірді.