Қазақстандық ММА спортшысы Қуат Хамитов отандық спорт қоғамдастығының сынына ұшырады. Танымал спорт журналисі Айбек Қабылша «Sport+» YouTube арнасында Хамитовтың өзге спорт түрлерін сынауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport-24.kz.
— Менің ойымша, Қуат Хамитовтың өзге спорт өкілдеріне бағыттаған сыны мен кекесіндері — ерлік пен ер азаматқа тән қадір-қасиетке жасалған шабуыл. Сен UFC тұрмақ, Fight Nights Global секілді ұйымдарда да жетістікке жеткен жоқсың. Тіпті ТМД деңгейіндегі чемпионаттарда атақ алған емессің. Халықаралық аренада өнер көрсетіп, шетелде Қазақстанның туын көтермедің. Ал меніңше, Жалғас Жұмағұлов сенен әлдеқайда жоғары деңгейде. Иә, ол жеңілістерге ұшыраған болар, бірақ ол әлемдегі ең танымал лигада — UFC-де өнер көрсетті, — деді Қабылша.
Айта кетейік, Қуат Хамитов бұған дейін бірнеше рет қазақстандық футболды және кейбір спорт түрлерін мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды тоқтатуды талап еткен болатын.