Футбол әлеміндегі ең көп күтілетін сәттердің бірі жақындап қалды. Ұйымдастырушылар «Алтын доп» жүлдесінің номинанттары жарияланатын ресми күнді хабарлады, деп жазады Sport-24.kz.
France Football журналының атынан табыс етілетін беделді марапаттың үміткерлер тізімі 7 тамызда жарияланады. Ал марапаттау рәсімі 22 қыркүйекте Париж қаласында өтеді.
Өткен маусымда басты жүлде Испания құрамасы мен «Манчестер Сити» клубының жартылай қорғаушысы Родриге бұйырған болатын. Оның команда жетістіктеріне қосқан үлесі шешуші фактор ретінде танылды. Сол марапатта Винисиус Жуниор мен Джуд Беллингем де басты үміткерлердің қатарында болған еді. Екеуі де мадридтік «Реалдың» сапында жарқын маусым өткізген.
Айта кетейік, «Алтын доп» марапаты алғаш рет 1956 жылы France Football журналы тарапынан тағайындалып, содан бері футболшының жеке жетістігінің басты символына айналған.