Өзбекстан құрамасы мен ағылшынның «Манчестер Сити» клубының қорғаушысы Абдуқодир Хусанов клубтық әлем чемпионаты-2025 аясында 21 жасқа дейінгі ең қымбат ойыншылар құрамына енді. Бұл туралы Sport-24.kz хабарлайды.
Жас қорғаушы АҚШ-та өтетін турнирдің басты жұлдыздарының бірі ретінде аталып отыр. «Манчестер Сити» G тобына түсіп, Марокконың «Видад», БАӘ-нің «Аль-Айн» және Италияның «Ювентус» клубтарымен кездеседі.
Айта кетейік, «Ювентус» Хусановты өз сапына қосқысы келеді. Сол себепті сарапшылар Гвардиола бұл ойында Хусановқа өзін дәлелдеуге мүмкіндік береді деп болжайды.
«Манчестер Сити» турнирдегі алғашқы кездесуін 18 маусымда «Видадқа» қарсы өткізеді.
Клубтық әлем чемпионаты 14 маусым мен 13 шілде аралығында АҚШ-та өтеді. Жарысқа алты конфедерациядан 32 команда қатысады. Жүлде қоры – 1 миллиард АҚШ долларынан асады.