21/06/25

«Барселона» төрт футболшымен қош айтыспақ

Каталониялық «Барселона» жаңа маусым қарсаңында команда құрамында өзгерістер жасауды жоспарлап отыр. Sport-24.kz мәліметінше, клуб алдағы маусымда сенім артпайтын төрт ойыншыны анықтады.

Sport.es деректеріне сәйкес, бұл тізімге қақпашы Иньяки Пенья, жартылай қорғаушы Пабло Торре және шабуылшылар Пау Виктор мен Ансу Фати енген. Клуб басшылығы бұл ойыншыларға өз шешімін жеткізген.

Аталған ақпарат көздері Иньяки Пенья Испанияда қалғысы келетінін, ал Ансу Фати Францияның «Монако» клубына ауысуға жақын екенін хабарлайды. Пабло Торренің болашағы әзірге белгісіз, алайда «Барса» оны сатып, кейін кері қайтару құқығын сақтап қалғысы келеді. Ал Пау Викторға бұрын өзі өнер көрсеткен «Жирона» қызығушылық танытып отыр.

Каталондық клуб құрамды жаңартып, жаңа маусымға тың күшпен кіріскісі келетін сыңайлы.