21/06/25

Есет Қуанов Олимпиада чемпионына қарсы белдесуде жеңілді

2025 жылғы дзюдодан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының мүшесі Есет Қуанов жарысты ерте аяқтады, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Будапештте (Венгрия) өтіп жатқан біріншілікте 73 келіге дейінгі салмақта сынға түскен спортшымыз жарысқа екінші айналымнан қосылды. Оның алғашқы қарсыласы – 2024 жылғы Олимпиадада аралас командалық сында алтын, жекелей бәсекеде күміс медаль алған француз дзюдошысы Жоан-Бенжамен Габа болды.

Өкінішке қарай, Қуанов бұл белдесуде Габаға есе жіберіп, татамиден мерзімінен бұрын ұтылып шықты. Осылайша, Есет Қуанов 1/8 финалға өте алмады.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында жалғыз медаль бар – 48 келіде өнер көрсеткен Әбиба Әбужақынова күміс жүлдегер атанған болатын. Ертең, 16 маусым күні татамиге Абылайхан Жұбаныш (81 кг) пен Эсмигүл Қуюлова (63 кг) шығады.