21/06/25

17 жастағы Ямаль УЕФА Ұлттар лигасының үздік голы үшін марапат алды

«Барселона» мен Испания құрамасының жас жұлдызы Ламин Ямаль 2025 жылғы УЕФА Ұлттар лигасындағы ең әдемі голдың авторы атанды, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Марапат оған Нидерланды құрамасының қақпасына соққан әсерлі голы үшін берілді. Бұл матч турнирдің ширек финалының екінші ойыны еді. Қарсылас командалар 3:3 есебімен тең түсті, ал пенальти сериясында Испания 5:4 есебімен жеңіске жетті.

Ямальдың голы жеке дриблингпен басталып, алыстан жасалған қуатты соққымен аяқталды. Бұл көрініс көрермендер мен сарапшылар тарапынан ең техникалық әрі әсерлі гол ретінде танылды.

Айта кетейік, «қызыл фурияның» 17 жастағы шабуылшысы бұған дейін де алаңдағы ерекше ойынымен футбол жанкүйерлерін таңдай қақтырған болатын. Бұл жүлде оның әлемдегі ең талантты жас ойыншылардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ұлттар лигасының финалында Испания құрамасы Португалиямен кездесіп, негізгі уақытта 2:2 есебімен тең ойнады. Алайда пенальти сериясында португалдар 5:3 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанды.