20/06/25

Елдос Сметов дзюдодан әлем чемпионатындағы фавориттердің сәтсіздігін түсіндірді

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 2025 жылы Будапештте өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында басты фавориттердің жарыстан ерте шығып қалуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport-24.kz.

– Чемпиондардың көпшілігі толық демалған жоқ. Олардың физикалық және психологиялық дайындығы әлсіз. Бұл – Олимпиададан кейінгі алғашқы жарыс қана емес, олар әбден «сығылып» қалған. Мұндай деңгейдегі турнирлерге қатысу үшін спортшы шын мәнінде демалып, күш жинауы керек. Ат бәйгесінен кейін де тұлпарлар демалып, бабына келтіріледі. Мұнда да сондай қағида қажет, – деді Сметов.

Айта кетейік, аталған біріншілікте әлемнің ең үздік дзюдошылары – жапониялық Хифуми Абе, әзербайжандық Хидаят Гейдаров пен тағы бір жапониялық Таканари Нагасе жарыстан тыс қалды.

Қазақстан құрамасынан әзірге ең жоғары нәтиже – 48 келіде сынға түскен Әбиба Әбужақынованың күміс жүлдесі. Сонымен қатар, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев ширек финалда қарсыласынан ұтылып қалды.