20/06/25

Мбаппенің жағдайына қатысты ресми мәлімдеме жасалды

Мадридтік «Реалдың» бас бапкері Хаби Алонсо Килиан Мбаппенің қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Франциялық шабуылшы дене қызуының жоғары болуына байланысты клубтық әлем чемпионаты аясындағы «Аль-Хиляльге» қарсы ойын алдындағы жаттығуға қатыспады.

«Бүгін таңертең Килиан өзін сәл жақсырақ сезінді. Алайда бұл әлі де жеткіліксіз. Ауа райы тым ыстық болды, сондықтан оның жаттығуға қатыспағаны дұрыс шешім. Соңына дейін күтеміз. Ертең таңертең нақты шешім қабылдаймыз», — деді Алонсо баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетейік, матч Майамидегі «Хард Рок» стадионында өтеді. Астана уақыты бойынша ойын түнгі сағат 00:00-де басталады.

Айта кетейік, «Реал» мен «Аль-Хиляль» 2022 жылғы клубтық әлем чемпионатының финалында кездескен. Сол ойында мадридтік команда 5:3 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұл топтағы басқа қарсыластар — «Пачука» (Мексика) және «Ред Булл Зальцбург» (Австрия).