22/06/25

Жұлдызды футболшы Дани Себальос Хаби Алонсоға ренжіді — “Реалдан” кетуге дайын

Мадридтік “Реалдың” жартылай қорғаушысы Дани Себальос бас бапкер Хаби Алонсоға көңілі толмай, командадан кетуге дайын екенін білдірді, деп жазады Sport-24.kz.

Клубтық әлем чемпионатындағы “Аль-Хиляльмен” (1:1) өткен алғашқы матчта Себальос бір минутқа да алаңға шықпады. Ол негізгі құрамдағы жалғыз дені сау ойыншы болып, толық матчты қосалқы құрамда өткізді. Бұл футболшы үшін үлкен соққы болды — жаңа бапкердің қол астында жаттығу жүргізіп, алғашқы матчта мүмкіндіктің берілмегені оны ренжітті.

Хабарламада айтылғандай, Хаби Алонсо Дани Себальоспен әлі бірде-бір рет ашық сөйлеспеген. Жаңа бапкердің келгелі алғашқы күндерінде-ақ командада төрт қана сау ойыншы болғанына қарамастан, ол Себальосқа өз жоспары жайлы түсіндірмеген.

— Жақында бапкермен сөйлесемін деп үміттенемін. Ол менен не күтетінін білгім келеді. Содан кейін барлығымыз үшін дұрыс шешім қабылдауға тырысамыз, — деді футболшы журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетейік, Дани Себальос бұған дейін де бірнеше рет командадан кеткісі келгенін жасырмаған. Алайда “Реал” оның трансферіне жол бермеген. Қазіргі таңда “Бетис” клубы бұрынғы ойыншысын қайта қатарға қосуды армандайды. Бірақ бұл трансферге кедергі болып отырған мәселе — “Реалдың” Себальосты 20 миллион еуроға бағалауы. Ал оның нарықтық құны небәрі 10 миллион еуро шамасында.