Аргентиналық «Ривер Плейт» клубының бас бапкері Марсело Гальярдо Сауд Арабиясының «Аль-Наср» командасында өнер көрсетіп жүрген Криштиану Роналдумен келіссөздер жүргізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Аргентиналық маман португалиялық шабуылшыны биылғы жазда өтетін Клубтық әлем чемпионатына қатысуға шақырған. Алайда Роналду ұсыныстан бас тартқан.
– Наурыз айының ортасында ортақ таныс арқылы оған бейресми түрде хабарластым: «Жақында Клубтық әлем чемпионаты өтеді, сендей тұтас дәуірдің символына айналған ойыншы үшін бұл тамаша мүмкіндік емес пе?» – дедім, – деп келтірілді Гальярдоның сөзі.
Роналду ұсынысты қабылдап, ойланғанымен, соңында:
– Маған келесі маусымға дайындалу қажет, – деп жауап берген.
Гальярдо бұл келіссөздің достық сипатта болғанын атап өтті. Ол сондай-ақ, бұл әңгімені көпшілікке Роналдудың өзі жария еткенін жеткізді:
– Егер ол келіскенде, бұл тамаша болар еді. Бірақ бұл әңгіменің бейресми болғаны соншалық – ол өзі жұртқа айтты. Әйтпесе ешкім де білмес еді. Тіпті ол клубтың атын да атаған жоқ, жай ғана: «Мені Аргентинадан шақырды», – деді.
Айта кетейік, бұған дейін Роналдуға марокколық «Видад» клубының президенті де ұсыныс жасағаны айтылған. Сонымен қатар, Сауд Арабиясында оның «Аль-Хиляль» командасына ауысуы мүмкін деген сыбыстар тараған, бірақ бұл ақпаратты клуб ресми түрде жоққа шығарды.