Геннадий Головкин мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен өткен атышулы жекпе-жектерін еске алып, оның соққы күшіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Боксшылар арасындағы алғашқы кездесу сегіз жыл бұрын өтіп, тең нәтижемен аяқталған. Көптеген сарапшылар мен жанкүйерлер бұл жекпе-жекте Головкиннің жеңіске лайық болғанын алға тартқан. Бір жылдан кейін өткен реваншта төрешілердің шешімімен жеңіс «Канелоға» бұйырып, Головкин мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.
Үшінші жекпе-жек 2022 жылдың қыркүйегінде өтті. Бұл кездесуде Альварес суперорта салмақтағы абсолютті чемпиондық атағын алғаш рет қорғап, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Бұл жеңіліс Головкиннің кәсіпқой мансабындағы екінші болды.
Жақында DAZN арнасына берген сұхбатында Геннадий Головкин «Канелоның» соққысын есіне алып, ол соққыны “жай ғана шапалақ сияқты” сезінгенін айтты.
– Мен ол сәтті жақсы есімде сақтадым. Бұл жай ғана шапалақ секілді болды. Қатты әсер еткен жоқ. Тіпті оны өткізіп жіберуге рұқсат еттім деуге болады, – деді Головкин.
Айта кетейік, Сауль Альварес келесі жекпе-жегін 13 қыркүйекте Лас-Вегаста америкалық Теренс Кроуфордқа қарсы өткізеді.