Қазақстан футболында төрешілерге қатысты тағы бір даулы жағдай тіркелді. «Тұран» мен «Қызылжар» арасындағы ойыннан кейін бас төреші Тимур Құмашев пен VAR көмекшісі Георгий Чеховский 2025 жылғы маусым соңына дейін қызметінен шеттетілді, деп жазады Sport-24.kz.
Қазақстан футбол федерациясы бұл оқиғаға байланысты ресми тергеу бастағанын мәлімдеді. Екі төреші де тек бір ғана емес, бірнеше күмәнді матчтерге қатысы бар деген күдікке ілінген.
Тимур Құмашев 2014 жылдан бері Премьер-лигада жұмыс істеп келеді және бұған дейін де қателіктері үшін уақытша шеттетілген. Қазіргі уақытта ҚФФ оның өткен ойындардағы шешімдерінің қасақана жасалған-жасалмағанын тексеріп жатыр.
Георгий Чеховский 2017 жылдан бастап Премьер-лига матчтерінде төрелік етеді. Ол даулы кездесуде бейнеқолдау жүйесінің көмекшісі ретінде қызмет атқарған. Қазір оның да алдыңғы жұмыстары мұқият зерттелуде.
Федерация төрешілікке деген сенімді қалпына келтіру үшін жан-жақты тергеу жүргізіп, нақты шешімдер қабылдауға дайын екенін хабарлады.