Қазақстан құрамасы мен «Тоболдың» жартылай қорғаушысы Ислам Чесноковтың болашағына қатысты жағымсыз жаңалықтар тарады, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Футбол сарапшысы Рымбек Ізғали Чесноковтың соңғы кездегі ойынына қатысты пікір білдіріп, оның ұлттық құрама сапындағы ойынына күмән келтірді:
«Биылғы маусымда Чесноков өзіне деген талапты сәл төмендеткендей. Оның ойы түгелдей дерлік „Хартс“ клубында жүр. Ертең ол ұлттық құрамада алаңға шықса, „Тоболдағы“ секілді сәл-пәл енжарлықпен ойнауы мүмкін. Егер „Хартспен“ келісімшарт мәселесі шешілсе, ол өзін толыққанды көрсете алмайды. Себебі, құраманың ойынында жарақат алып қалса, шетелдік клубтың медициналық тексерісінен өте алмай қалу қаупі бар», — деді Ізғали Sport+ YouTube арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін шотландиялық «Хартс» клубы Ислам Чесноковқа қызығушылық танытып жатқаны хабарланған.