21/06/25

Карло Анчелотти ресми түрде «Реалдан» кетеді

Мадридтік «Реал» бас бапкері Карло Анчелоттидің клубтан кететінін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Sport-24.kz.

65 жастағы итальян маманының соңғы матчы ертең өтеді – «Корольдік клуб» Ла Лигадағы 38-тур аясында «Реал Сосьедадты» қабылдайды. «Сантьяго Бернабеу» стадионында Анчелоттиге арналған арнаулы қоштасу рәсімі ұйымдастырылады.

Клубтың ресми мәлімдемесінде былай делінген:

«Біздің клуб „Реалдың“ және әлем футболының ұлы тұлғаларының бірі – Карло Анчелоттиге алғыс пен сүйіспеншілігін білдіреді. Ол клуб тарихындағы ең сәтті кезеңдердің бірінде команданы басқарды және „Реалдың“ тарихындағы ең көп титул жеңіп алған бапкер атанды:

– 3 Чемпиондар лигасы

– 3 клубтық әлем чемпионаты

– 3 УЕФА Суперкубогы

– 2 Ла Лига чемпиондығы

– 2 Испания Кубогы

– 2 Испания Суперкубогы

Барлығы 15 титул – 6 маусым ішінде.

Карло Анчелотти енді „Реал“ жанұясының мәңгілік мүшесі. Біз онымен бірге жұмыс істегенімізге мақтанамыз».

Анчелотти 2013–2015 және 2021 жылдан бері екі кезеңде «Реалды» жаттықтырды.

Айта кетейік, испандық БАҚ-тың дерегінше, оның орнына клубтың жаңа бас бапкері ретінде Хаби Алонсо тағайындалуы мүмкін.