Атырау қаласының тарихи спорт нысандарының бірі — «Мұнайшы» орталық стадионы қайта жаңғыртудан өтеді, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Атырау қалалық әкімдігі таратқан ресми мәліметке сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстары 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Жоба аясында стадионның инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай жаңартылып, спортшылар мен көрермендерге арналған ыңғайлы жағдайлар жасалады.
— Қазіргі уақытта стадион «Облыстық мамандандырылған бокс клубының» теңгерімінде. Спорт инфрақұрылымын жаңғырту шеңберінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленуде. Қазір бұл құжаттар мемлекеттік сараптамаға жолданды, — деді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз хатшысы Гаухар Ілиясова.
Айта кетейік, «Мұнайшы» стадионы алғаш рет 1950 жылы пайдалануға берілген. Соңғы толық реконструкциясы 2003 жылы, ал ағымдағы жөндеу жұмыстары 2023 жылы жүргізілген болатын.