21/06/25

Ресейлік сайт Рыбакинаны Страсбург турнирінің титулынан “айырып” қойды

Бүгін Страсбург қаласында өтетін WTA 500 турнирінің финалында Қазақстан атынан сынға түсетін Елена Рыбакина мен ресейлік Людмила Самсонова кортқа шығады. Кездесу Астана уақытымен 17:00-де басталады, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Алайда Ресейдің Vseprosport.ru спорттық сайты бұл кездесуге қатысты өз болжамын жасап, жеңісті Самсоноваға беріп қойды. Олар Рыбакинаның финалда фаворит саналатынын мойындағанымен, мұндай бағаны әділетсіз деп санайды.

«Аддад Майя көрсеткендей, Еленаға қарсы ойнауға болады. Ол әрдайым тұрақты ойын көрсете бермейді. Ал Самсонова дәл қазір керемет формада, ойыны да алуан түрлі. Екеуара кездесулерде Людмила төрт рет жеңіске жеткен. Біздің болжам — Самсонованың жеңісі», — делінген мақалада.

Айта кетейік, Рыбакина биылғы маусымда бірнеше беделді турнирде жеңіске жетіп, әлемдік рейтингтің үздік ондығына сенімді енген. Ал бүгінгі финал — оның WTA деңгейіндегі кезекті маңызды сынағы.