Vavel.com сайтының журналисі Антонио Хосе Руис UFC-дегі жартылай орта салмақтағы буын алмасуы туралы кеңінен баяндап, қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновты жаңа толқынның басты өкілдерінің бірі ретінде атады, деп хабарлайды Sport-24.kz.
«Уақыт бәріне бірдей әсер етеді, спортта ол тіпті жылдамырақ өтеді. Камару Усманның чемпион кезіндегі үстемдігі артта қалды. Енді 170 фунт салмақ дәрежесінде жаңа дәуір басталды. Бұл дивизион UFC-дегі ең тартысты, жарқын салмақ категориясына айналуы мүмкін», – дейді журналист.
Руис жаңа буынның басты есімдерін де атап өтті:
• Джек Делла Маддалена — жаңа чемпион
• Шон Брэди — Леон Эдвардсты титулдық мүмкіндікке жеткізбей отыр
• Майкл Моралес — Гилберт Бернсты нокаутпен жеңді
• Иан Гарри — дивизиондағы жылдам өрлеу иесі
• Шавкат Рахмонов — жеңіліп көрмеген үміткер
• Ислам Махачев — қос салмақта чемпиондықты көздеген спортшы
«Бүгінгі таңда бұл жас буын жартылай орта салмақтағы басты рөлді өз қолына алып жатыр. Бұл — табиғи үдеріс. Ал Шавкат Рахмонов сынды мықты файтерлер осы өзгерістің символына айналды», — деп түйіндеді автор.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов қазіргі таңда UFC-дегі ең қауіпті және жеңіліссіз спортшылардың бірі. Оның кәсіби рекорды – 18 жеңіс, 0 жеңіліс.